Жайық news

БҚО-да 1155 балаға жеңілдікпен жол жүру құқығы қайтарылды

Сурет: Depositphotos.com

Бөрлі ауданының прокуратурасы аудандық мәслихаттың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру туралы шешіміне талдау жасады. Тексеру барысында кәмелетке толмағандардың құқықтарының бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

БҚО прокуратурасының мәліметінше, қолданыстағы шешімде 16-17 жастағыларға жол жүру ақысына 50% жеңілдік қарастырылмаған. Салдарынан бұл жас санатындағы оқушылар қоғамдық көлікте толық тариф бойынша төлеген.

Мәслихат шешіміне тиісті өзгерістер енгізілді. Ақсай қаласында кәмелетке толмаған жолаушы үшін жол жүру ақысы 50 теңгені құрайды.

«Осыған ұқсас жеңілдік тарифі ауданның өзге де маршруттарында белгіленіп, жол жүру құны 50 %-ға төмендетілді. Қабылданған шаралар нәтижесінде 1 155 кәмелетке толмағанның құқықтары қалпына келтірілді», делінген хабарламада.

Бұған дейін сәуір айында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың қызметі жаңа ережелерге сәйкес қайта жүйеленіп, жаңартылған тәртіп өңірлерде қолданысқа енгізілгені туралы жазған едік.

Көп оқылғандар