Қоғам

Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында 100-ге жуық ағаш отырғызылды

Сурет: «Астана Тазалық»

Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Бұл бастамаға мемлекеттік мекемелермен қатар бизнес өкілдері мен қала тұрғындары да тартылған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Астана Тазалық» ЖШС мен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы бірлесіп ұйымдастырған шара екі мекеме арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде өтті. Орталық аумағына 100-ге жуық шырша мен жапырақты ағаш көшеті егілді.

Ағаш отырғызу үшін бұл аумақтың таңдалуы кездейсоқ емес. Мұнда күн сайын ем қабылдайтын пациенттер мен олардың жақындары келеді. Көгалдандырылған аумақ емделушілер мен медициналық көмекке жүгінген азаматтарға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы бүгінде көптеген ұйымдар мен елорда тұрғындарын ортақ іске біріктіріп келеді. Астана әкімдігінің қолдауының арқасында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Біз үшін мұндай бастамалардың бір реттік шарамен шектелмей, нақты нәтижеге бағытталуы маңызды. «Астана Тазалық» елорданы абаттандыру, санитарлық тазалық пен көгалдандыру бағытында күн сайын жұмыс жүргізіп келеді», деді «Астана Тазалық» ЖШС атқарушы директоры Альберт Есалиев.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасының орынбасары Асхат Сапаров қоршаған ортаның жай-күйі адам өмірінің сапасы мен денсаулығына тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Медициналық мекеме үшін пациенттерге қолайлы әрі жайлы орта қалыптастырудың маңызы зор. Сондықтан біз «Таза Қазақстан» бастамасын қолдаймыз. Бүгін «Астана Тазалық» ұжымымен бірге орталық аумағын көгалдандыруға өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз. Бүгін отырғызылған ағаштар уақыт өте келе орталықтың жасыл желегінің бір бөлігіне айналады деп сенемін», деді Ержан Әділбеков.

«Астана Тазалық» мамандарының айтуынша, ағаш отырғызу жұмыстары аяқталған соң да көшеттердің жағдайы тұрақты бақылауда болады. Оларға қажетті күтім жасалып, суару жұмыстары жүргізіледі. Бұл тәсіл отырғызылған көшеттердің санын арттырумен қатар, олардың жерсінуіне де мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында «Таза Қазақстан – Таза Жезқазған» байқауының үздіктері марапатталған болатын.

Көп оқылғандар