Сурет: Egemen Qazaqstan
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының білім алушылары Канада мен Ресейде өткен халықаралық кинофестивальдерде үш жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оттава қаласында ұйымдастырылған «Loon Film Festival» фестивалінде үшінші курс студенті Ерхат Ерсайынов «Потерянный остров» фильмімен үшінші орынды иеленді. Бұл фестиваль табиғат, бейбітшілік және жануарларды қорғау тақырыбындағы көркем, деректі, анимациялық және эксперименталдық фильмдерді қамти отырып, жас кинематографистерді қолдау мақсатында өткізіледі.
Сонымен қатар академия студенттері Мәскеуде өткен IV «Восхождение» халықаралық студенттік фестивалінде тағы екі жүлдеге ие болды. Байқауға ТМД-ның жеті елінен 50 фильм ұсынылды.
«Анимация режиссурасы» білім беру бағдарламасының түлегі Бауыржан Адаев «Пуповина» фильмімен «Анимациялық фильмнің үздік режиссурасы» аталымында жеңімпаз атанды. Ал «Көркем фильм режиссурасы» бағытының төртінші курс студенті Мырза Махамбеттің «Май» картинасы «Актерлік шеберліктегі алғашқы қадамдары үшін» қазылар алқасының арнайы жүлдесін иеленді.
IV «Восхождение» халықаралық студенттік фестивалі С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университетінде ұйымдастырылған «Кино білімі: ТМД елдерінің ортақ білім беру жобалары» форумы аясында өтті.
