Сурет: magnific.com
Дүниежүзілік сауда ұйымы 8 қазанда жаңартылған болжамын жариялады. Оған сәйкес, 2026 жылы әлемдік тауар саудасының өсімі 1,9%-дың орнына 3,9%-ға жетеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл серпілістің негізгі қозғаушы күші – жасанды интеллект технологиялары. «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ деректері бойынша, биылғы бірінші жартыжылдықта ЖИ-ге қатысты тауарлар әлемдік тауар саудасы өсімінің 47%-ын қамтамасыз етті.
Әлем елдері чиптер, серверлер және деректерді өңдеу орталықтарына арналған жабдықтарды белсенді сатып алуда. Америкалық технологиялық гиганттар биыл ЖИ-ді дамытуға 660-765 млрд доллар жұмсауы мүмкін – бұл өткен жылмен салыстырғанда 77%-ға көп.
ЖИ-ге арналған тауарлар саудасы 2024 жылы 16%-ға, 2025 жылы 31%-ға өскен. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 67%-ға жетті. Бүгінде мұндай өнімдер әлемдік тауар саудасының 14,8%-ын құрайды.
ЖИ нарығындағы қарқынды дамудың экономикалық пайдасы барлық елге бірдей түсіп жатқан жоқ. Нарықтағы негізгі 10 ірі қатысушы осы тауарлардың әлемдік экспортының 85%-ын және импортының 80%-ын бақылауда ұстап отыр.
Экспорттың 50%-дан астамы Шығыс Азияның төрт экономикасына тиесілі, ал негізгі сұраныс пен тұтынуды АҚШ қалыптастырып отыр. Азия әлемдік сауданың басты драйверіне айналды – жалпы 3,9% өсімнің 4%-дық тармағы осы аймаққа тиесілі.
Электроника мен ЖИ компоненттеріне сұраныстың артуы арқасында Оңтүстік Корея экспорты 48,2%-ға, ал Гонконг экспорты 44,4%-ға өсті.
Сауданың бір ғана технологиялық бағытқа шамадан тыс тәуелді болуы жаңа тәуекелдерді тудырады. Егер ЖИ саласына құйылатын инвестициялар баяуласа, бұл халықаралық сауда ағындарына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Дегенмен, қазіргі уақытта жасанды интеллект тек технология секторын ғана емес, бүкіл әлемдік экономиканың құрылымын өзгертіп жатыр. Бір мемлекеттер есептеу қуаттарын арттыруға жүздеген миллиард доллар жұмсаса, енді бірі қажетті жабдықтар өндірісін ұлғайтып, жаңа экспорттық мүмкіндіктерді иеленіп отыр.
Айта кетейік, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылғаны туралы хабарлаған еді.
