Жайық news

Оралда аударма саласының ардагерімен кездесу өтті

Сурет: ашық дереккөз

Орал қаласында жазушы-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Камал Әлпейісованың «Қаламмен аударманы кестелеген» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Батысқазақстандық әдебиет сүйер қауым кеш иесінің өмірі мен еңбек жолы туралы әсерлі әңгімесін қызыға тыңдады. Еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінде корректор болып бастаған, қазір республикалық Аналар алқасы төрайымының орынбасары ретінде қоғамдық жұмыс атқарып жүрген жазушы «Қыз өссе, ұл есейсе», «Өмір өрнектері», «Жапырақтары жанымның», «Өмір бояулары» кітаптарының авторы.

Кеш кейіпкерінің тағы бір сүбелі еңбегі – елімізде ілеспе (синхронды) аударма өнерін кәсіби деңгейде меңгерген алғашқы мамандардың бірі. Республикалық «Үздік аудармашы» байқауының тұңғыш жеңімпазы Қазақстан егемендік алған жылдары Парламенттің Жоғары Кеңес аппаратындағы Редакциялық баспа бөлімінде қызмет етіп, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге үлес қосты. Ұзақ жыл Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратында жауапты қызмет атқарды.

Қаламгермен кездесуге жергілікті зиялы қауым өкілдері – Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ғайсағали Сейтақ, тарихшы ғалым Жаңабек Жақсығалиев, суретші Қуандық Мәдір қатысып, кеш иесіне жүрекжарды тілектерін айтты.

Ақжайық өлкесінде Камал Әбілқасымқызынан тәлім алған, жолын қуған шәкірттері де аз емес. Махамбет университетінің оқытушылары Бақытгүл Ерсайынқызы, Нәзира Айтболатқызы, Гүлзәра Меңдібаева, Әлима Тасымова, Айсалқын Шәутімова, Олеся Тәшімова сынды кейінгі толқын тіл мамандарының ілеспе аударма саласындағы жетістіктері айтылды.

Кеш соңында Камал Әлпейісова Ақжайық жұртына ризашылығын білдіріп, жастарға батасын берді.

Көп оқылғандар