Батыс Қазақстан облысында ауыл жастары арасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «AUYL SPORT – 2026» өңірлік турнирі басталды. Жарысқа облыстың барлық ауданынан келген командалар қатысуда.
Турнирдің ашылу салтанатына Қазақстан Халық Банкінің Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Ринат Ғұбашев, волейболдан Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасы Кубогының иегері, «Жайық» волейбол клубының ойыншысы, Казталов ауданы Жалпақтал ауылының тумасы Петр Александрович Чурзин, сондай-ақ БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының Туризм және бұқаралық спорт бөлімінің бас маманы Асланбек Зиетденұлы Бауен, облыстық спорт мектептерінің директорлары мен спорт саласының өкілдері қатысты.
«AUYL SPORT» жобасы ауылдық елді мекендерде бұқаралық спортты дамытуға, жас спортшылардың қабілетін шыңдауға және дарынды жастарды анықтауға бағытталған.
Жобаның алғашқы маусымында еліміздің 15 облысындағы 200-ден астам ауыл қамтылса, 2025 жылы барлық 17 облыста өткізіліп, 300 ауылдық елді мекенді қамтыды.
Биыл жоба аясында 350-ден астам ауылдан 15 мыңға жуық жас спортшыны қамту жоспарланған. Қатысушылар бокс, еркін күрес, каратэ, баскетбол, волейбол, шахмат, үстел теннисі және футбол спорт түрлері бойынша бақ сынайды.
«AUYL SPORT – 2026» турнирі ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға және өңірдегі бұқаралық спорттың дамуына үлес қосады.
Барлық қатысушы командаларға сәттілік пен жарқын жеңістер тілейміз!
#bqo_sport
