Қоғам

Шетелдіктерге ЖСН беру тәртібіне өзгеріс енгізілуі мүмкін

Сурет: Depositphotos.com

Ішкі істер министрлігі шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беру және оған өзгерістер енгізу кезінде олардың Қазақстан аумағында заңды түрде жүргенін тексеруді ұсынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тиісті түзетулер жобасының сипаттамасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Өзгерістер Қазақстанда уақытша жүрген шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына қатысты.

Олардың елде заңды түрде болуын немесе тұруын тексеру үшін иммигранттардың эталондық деректер базасындағы мәліметтерді пайдалану ұсынылып отыр. ІІМ-нің бағалауынша, бұл мемлекеттік қызмет көрсету кезінде пайдаланылатын деректердің дұрыстығын арттыруға мүмкіндік береді.

Қолданыстағы қағидаларда да шетел азаматының Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өткенін «Бүркіт» ақпараттық жүйесі арқылы тексеру қарастырылған. Бұл жүйе оның ел аумағында болғанын растауға мүмкіндік береді.

Құжат жобасын жария талқылау 28 қазанға дейін жалғасады.

Бұған дейін Павлодар облысында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін тоғыз айда 6 279 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, олардың 1 504-і – шетел азаматтары екенін, сот шешімімен 99 шетелдік Қазақстан аумағынан шығарылғаны туралы хабарлаған едік.

Көп оқылғандар