Жайық news

«Сырым» өткізу пунктін жаңғырту жыл соңына дейін аяқталады

Сурет: Жайық Пресс

Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Сырым» өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары 65%-ға орындалды. Жоба аяқталған соң пункттің өткізу қабілеті тәулігіне 6 мыңнан 10 мың адамға және 3 мыңнан 5 мың көлік құралына дейін артады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жобаның жүзеге асу барысын тексерді. Қазір құрылыс алаңында 152 адам мен 37 техника жұмылдырылған. Жұмыстар тәулік бойы екі ауысымда жүргізілуде. Бас мердігер – QSM Engineering компаниясы. Жаңғыртуды ағымдағы жылдың соңына дейін бітіру жоспарлануда.

Құрылыс жұмыстары нысанның барлық учаскелерінде қатар жүргізілуде. Мамандар монолиттік жұмыстарды, конструкцияларды дәнекерлеу мен монтаждауды, қабырға қалауды, электр желілері мен электрмен жабдықтау, су құбыры және жылыту жүйелерін тартуды орындауда. Сонымен қатар жол жұмыстары, абаттандыру және үй-жайларды әрлеу жалғасуда.

Жаңғыртудан кейін қозғалыс жолақтарының саны 6-дан 14-ке дейін артады. Өткізу пунктінің аумағында әкімшілік ғимараттар салынып, заманауи рентгендік тексеру жабдығы орнатылады.

Жаңартылған инфрақұрылым шекаралық рәсімдерден өтуді жылдамдатып, жолаушылар мен көлік ағынының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Жоба аясында өткізу пунктіне апаратын жолдарды абаттандыру да қарастырылған.

Облыс әкімі тапсырыс беруші мен мердігер ұйымға құрылыс қарқынын төмендетпеуді, жұмыс сапасын қамтамасыз етуді және жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Көп оқылғандар