Жайық news

Оралда «Таза Қазақстан» аясында сенбілік өтті

Сурет: Жайық Пресс

Орал қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау мақсатында санитарлық-экологиялық айлық шеңберінде кезекті сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, депутаттар және мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Абай даңғылында олар 22 қайың көшетін отырғызды. Сол күні қаланың басқа аумақтарында жастар мен тұрғындардың күшімен тағы 170 ағаш егілді.

Орал қаласының дендрологиялық жоспарына сәйкес, қалада 109 мың ағаш есепте тұр. Олардың санитарлық жағдайына баға берілуде. Әрбір ағаш бойынша сала мамандары мен қоғам өкілдерінің қатысуымен тиісті шешімдер – кесу, көшіру немесе сақтау туралы қабылданады.

Облыс әкімі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен жалпыұлттық акцияның маңыздылығын атап өтіп, өңір тұрғындарын көгалдандыру шараларына белсенді қатысуға шақырды.

– «Таза Қазақстан» – бір реттік акция емес, алдағы жылдарға арналған ұзақ мерзімді міндет. Ағаш отырғызу ғана емес, оны уақтылы күту де маңызды. Жасыл екпелер ауаны тазартып, қаланы әсем етеді. Әрбір тұрғын көгалдандыруға өз үлесін қосуы керек, – деп атап өтті Н. Төреғалиев.

Айта кетейік, биыл облыстың елді мекендерінде 47 мың ағаш отырғызу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 37 мың көшет егілді.

Көп оқылғандар