Жайық news

БҚО-да «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысында 5 қазаннан 5 қарашаға дейін «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Алғашқы төрт күнде полицейлер профилактикалық есепте тұрған шамамен 2 мың адамды тексеріп, 1 500 проблемалық тұрғын үйдің қауіпсіздік жағдайын бағалады. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ полиция мен халық арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.

ЖПІ барысында учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік учаскелерді аралап, тұрғындармен профилактикалық әңгімелер жүргізеді. Профилактикалық есепте тұрған адамдар тұрғылықты жері бойынша тексеріледі. Құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін қажетті шаралар қабылдануда. Сонымен қатар тұрғын үйлердің кіреберістері мен қоғамдық орындарда Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бірыңғай QR-коды орналастырылуда. Оның көмегімен тұрғындар өздерінің учаскелік инспекторы туралы ақпарат алып, онымен жедел байланысып, ұсыныс-шағымдарын жібере алады.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ортақ міндет. Полиция азаматтарды құқық бұзушылықтарға бей-жай қарамауға және күдікті жағдайлар мен құқыққа қарсы әрекеттер туралы уақтылы хабарлауға шақырады.

Көп оқылғандар