Сурет: istockphoto.com
АҚШ-тың Мичиган штатында мыңдаған тұрғынға бөтен ер адамның суреті мен өзге туған күні көрсетілген жүргізуші куәлігі табысталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
CBS News мәліметінше, жаппай қателік 2026 жылғы 26 тамызда берілген құжаттарға қатысты болған.
«Мен құжатқа қарап тұрып: «Төменгі бұрышта ер адамның суреті тұр ғой» деп ойладым. Қайта-қайта қарасам да, ол маған күлімсіреп тұрды», – деді Мичиган тұрғыны Ланита Нельсон.
Әйел құжаттағы қателікке байланысты полиция тексеруі кезінде қиындық туындауы мүмкін деп алаңдаған. Сондықтан жағдайды анықтау үшін интернеттен ақпарат іздей бастаған.
Кейін мұндай құжаттың өзіне ғана емес, басқа тұрғындарға да жіберілгені белгілі болды. Барлығы 8 200 адам жүргізуші куәлігін дәл осындай қателікпен алған.
Анықталғандай, құжатқа басқа адамның суреті кездейсоқ басылып кетпеген. Оның орнына жүргізуші куәлігін рәсімдеу кезінде үлгі ретінде қолданылатын стандартты сурет пен шаблондық туған күн көрсетілген.
Мичиган билігі қате құжат алған азаматтарға ешқандай әрекет жасаудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Түзетілген құжаттар тұрғындардың барлығына пошта арқылы қайта жіберілген.
Қазақстанда да жүргізуші куәліктеріне қатысты заң бұзушылықтар анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі, Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау нәтижесінде көлік басқаруға медициналық қарсы көрсетілімі бар азаматтар анықталды. Соның нәтижесінде 10 мыңнан астам адам жүргізуші куәлігінен айырылған.
