Спорт

Данияр Елеусінов өзбек боксшысымен жекпе-жекке дайын

Сурет: Instagram.com/yeleussinovdaniyar

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов өзбекстандық Шохжахон Эргашевпен IBA Nomad лигасы аясында жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

IBA Nomad промоушенінің баспасөз қызметі Елеусіновтің мәлімдемесін жариялады. Боксшы қажетті қаражат төленген жағдайда Эргашевпен шаршы алаңда кездесуге қарсы емес екенін айтты.

«Басқа келісімшарттар маған маңызды емес, рингке шығамын. Ең бастысы – қажетті соманы төлеңдер», деді Елеусінов.

Бұған дейін Шохжахон Эргашев IBA Nomad лигасынан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновпен жұдырықтасуға ұсыныс түскенін хабарлаған. Өзбекстандық боксшы бұл ұсынысты бірден қабылдағанын мәлімдеді.

«Маған IBA Nomad лигасынан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусиновпен жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс түсті. Мен бірден келістім. Ол Олимпиада чемпионы болса, онымен жұдырықтасамын», деді Эргашев.

Ал Елеусінов қарсыласының алғашында онымен кездесуден бас тартқанын айтты. Ол мұның себебін өзінің Zuffa компаниясымен жасасқан келісімшартымен байланыстырды.

«Ол бастапқыда менімен жұдырықтаспайтынын айтқан. Енді менің келісімшартыма байланысты жекпе-жекке шыға алмайтынымды біліп, айқайлап жүр», деп жазды Елеусінов Instagram парақшасында.

Айта кетейік, Данияр Елеусінов 2018 жылы әуесқой бокстан кәсіпқой рингке ауысты. 2026 жылғы 9 шілдеде спортшы Астанада көлікті мас күйде басқарып, жол апатына себеп болғаны үшін ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Елордадағы әкімшілік сот боксшыны 20 тәулікке қамауға алып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырды.

28 шілдеде Олимпиада чемпионы әкімшілік қамаудың 20 тәулігін өтеп, бостандыққа шықты. Ал тамыз айында АҚШ-қа қоныс аударды. Былтыр боксшы UFC басшысы Дана Уайттың Zuffa лигасымен келісімшартқа қол қойған еді. Әзірге ол ұйымда бірде-бір жекпе-жек өткізген жоқ.

Көп оқылғандар