Сурет: Egemen Qazaqstan
Қаратал ауданының прокуратурасы табиғи монополия субъектілерінің қызметінде азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілерін анықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Тексеру барысында «Қаратал Таза Су» МКК мен тұтынушылар арасындағы шарттардың заң талаптарына сай келмейтіні белгілі болды. Шарттарда күші жойылған нормативтік актілерге сілтемелер кездеседі, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне арналған үлгілік шарттың талаптары толық сақталмаған.
Сонымен қатар «Қаратал таза су» МКК, «Жылыту орталығы» ЖШС және «Талдықорған акционерлік электржүйелерінің тасымалдау компаниясы» АҚ тарапынан да заңбұзушылықтар тіркелді. Атап айтқанда, алғашқы екі мекеме интернет-ресурстарда заңда көзделген ақпаратты орналастыру міндетін орындамаған, ал «ТАТЭК» АҚ тұтынушыға электр желілеріне қосылуға техникалық шарт беру кезінде заңда жоқ қосымша талаптар қойған.
Анықталған бұзушылықтар бойынша жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, табиғи монополия субъектілеріне жалпы 4 671 000 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Прокуратураның қадағалау актісімен 273 кәсіпкердің, оның ішінде 1 инвестордың, сондай-ақ 6 046 тұтынушының құқықтары қорғалып, шарттар сәйкестендірілді.
Заңнамаға сәйкес табиғи монополия субъектілері тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, заңда белгіленген талаптарды сақтауға және өз қызметі туралы міндетті ақпаратты ашық орналастыруға міндетті.
Аудан прокуратурасы заңбұзушылықтарды жою, қолданыстағы шарттарды заңнама талаптарына сәйкестендіру, тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз ету және алдағы уақытта осындай фактілерге жол бермеу жөнінде шаралар қабылдады.
Прокуратура азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау, сондай-ақ табиғи монополия субъектілерінің қызметінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастырады.
