Қоғам

Астана әуежайы қызметкерін қайта қабылдап, 7 млн теңге төлейді

Сурет: nn-airport.kz

Астана халықаралық әуежайы бұрынғы қызметкерін құжат айналымы бөлімінің басшысы қызметіне қайта қабылдап, алты айлық жұмыссыздық кезеңі үшін шамамен 7 млн теңге төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Елордалық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы осындай шешім шығарды. Алқа әйелді жұмыстан шығару туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жойды.

Апелляциялық инстанция жұмыс берушінің еңбек шартын бұзуға жеткілікті заңды негізі болмағанын анықтады. Бұған дейін құжат айналымы бөлімін басқарған әйелге жұмыс беруші басқа бөлімнен маман лауазымын ұсынған.

Қызметкер ұсынылған лауазымнан бас тартқан соң, жұмыс беруші мұны еңбек қатынасын жалғастыруға ниеті жоқ деп қабылдап, 2026 жылғы 6 сәуірде оны жұмыстан шығарған.

Сот шешімі бойынша әуежай бұрынғы қызметкерін қызметіне қайта қабылдап, мәжбүрлі жұмыссыз жүрген алты айы үшін оған шамамен 7 млн теңге төлеуі тиіс. Сот актісі заңды күшіне енді.

Көп оқылғандар