Әлем

Германияда Мерц үкіметіне қарсы жастар наразылығы өтті

Сурет: bild.de

Германияның бірнеше қаласында «Gen Z regelt» қозғалысы ұйымдастырған наразылық акциялары болып өтті. Берлинде Бранденбург қақпасының алдына шамамен 5 мың адам жиналып, канцлер Фридрих Мерцтің отставкаға кетуін талап етті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Bild басылымының мәліметінше, акцияға қатысушылардың бір бөлігі Хэллоуин костюмдерін киген, ал енді бірі ГДР жалауларын, коммунистік рәміздер мен үкіметке қарсы жазулары бар плакаттарды ұстаған.

Наразылық шаралары Эрфурт, Росток, Штутгарт және Ганновер қалаларында да өтті. Эрфуртте полиция шамамен 1 900 адамды тіркеді. Шеруден кейін қатысушылар орталық теміржол вокзалы маңында митинг өткізуді жоспарлаған.

Ростокта 230-ға жуық адам климаттық шараларды күшейтуді, тұрмыс құнын төмендетуді, мектептерді қаржыландыруды арттыруды және міндетті әскери қызметтен бас тартуды талап етті. Ганноверде жиналғандар орталық теміржол вокзалы маңында федералдық үкіметке қарсы ұрандар айтып, «Мерц кетсін!» деп талап еткен.

Айта кетейік, күз басталғалы Еуропаның бірнеше елінде наразылық шерулері өтіп жатыр. 21 қыркүйекте Францияның Иль-де-Франс өңірінде білім беру жағдайын жақсарту талабымен наразылық акциялары басталды. 29 қыркүйекте мемлекеттік қызметкерлердің жалпыұлттық ереуілі өтіп, полициямен қақтығыстар тіркелді. Франция ІІМ дерегінше, 17 қазандағы наразылыққа шамамен 500 мың адам қатысқан.

Италияда наразылықтар 17–18 қазанда басталды. Қатысушылар жанармай бағасының қымбаттауына, бюджет саясатына және әскери шығындарды арттыру үшін әлеуметтік саланы қаржыландыруды қысқартуға қарсы шықты.

Көп оқылғандар