Қоғам

Алматы полициясы Хэллоуин декорациясы үшін айыппұл салуы мүмкін

Сурет: Видеодан алынған кадр

Алматы көшелерінде Хэллоуин қарсаңында қан іздері мен адам денесінің бөліктеріне ұқсас муляждар ілінген көліктер жүр. Полиция мұндай безендіру жол қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін екенін және жүргізушілерге әкімшілік жауапкершілік жүктелуі ықтимал екенін ескертті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыс орнын бейнелейтін декорациялар тұрғындарды үрейлендіріп, төтенше қызметтерге негізсіз хабарламалар түсуіне себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар мұндай көріністер басқа жүргізушілердің назарын жолдан аударып, қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

«Жол жүрісі қағидаларына сәйкес, көлікпен тасымалданатын заттар жүргізушінің көру мүмкіндігін шектемеуі, көлікті басқаруға кедергі келтірмеуі, мемлекеттік тіркеу нөмірлері мен жарық құралдарын жаппауы және айналадағыларға қауіп төндірмеуі тиіс. Декорациялардың сипаты мен анықталған заң бұзушылықтарға қарай жүргізушілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін», делінген Алматы қаласы Полиция департаментінің хабарламасында.

Полиция көлік иелерін безендіру кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы метрода қарумен жүрген екі азамат ұсталған болатын.

Көп оқылғандар