Жайық news

БҚО-да цифрландыру мен жасанды интеллект енгізілуде

Сурет: Жайық Пресс

Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясын іске асыру мәселелері ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Селекторлық режимде жиынға облыс әкімі Нариман Түрегалиев қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде жүйелі жұмыс жүргізілуде.

«iKomek 109» тәулік бойы жұмыс істейтін орталығы жыл басынан бері 61 мыңнан астам өтініш қабылдады. Қазіргі уақытта орталық жұмысына жасанды интеллект функциялары енгізілуде.

Орал қаласында жасанды интеллект функциялары бар 300 бейнекамера орнатылған. Ағымдағы жылы олардың санын 1000-ға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, орман өрттерін ерте анықтауға арналған 10 камера іске қосылды.

Денсаулық сақтау саласында №2 қалалық емханада жасанды интеллект жүйесін пайдаланып, шамамен 18 мың адам скринингтен өтті. Қоғамдық көлікте электронды төлем жүйесі енгізілді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында ауыз суды есепке алу мен субсидиялау процесін автоматтандыратын E-sep.su жобасы жұмыс істейді.

Batys Hub алаңында ағымдағы жылы 73-тен астам іс-шара өткізіліп, 18 стартап іске қосылды. IT саласында адами капиталды дамыту үшін Tomorrow School жобасы жүзеге асырылуда.

Бүгінгі таңда облыстағы 405 ауылдың 372-сі интернетке, 376-сы ұялы байланысқа қосылған. Жыл басынан бері жеті ауылда жаңа базалық станциялар орнатылып, тағы 16 нысанда жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Оралда 5G стандартындағы 97 базалық станция жұмыс істейді.

Цифрлық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесі 98,9%-ды құрады.

Өңір басшысы жауапты құрылымдарға халықты сапалы интернетпен қамтуды кеңейту, сондай-ақ білім, денсаулық сақтау, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және мемлекеттік басқару салаларына жасанды интеллект технологияларын жүйелі енгізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Көп оқылғандар