Сурет: Aikyn.kz
Бүгін, 11 қазанда Қазақстанда Yandex Go сервисінің жұмысында ақау тіркелді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Салдарынан такси жүргізушілері мен курьерлерге арналған қызметтер уақытша қолжетімсіз болды.
Компанияның Қазақстандағы баспасөз қызметі кейбір сервистердің дұрыс жұмыс істемей тұрғанын растап, мамандар ақауды жоюға кірісті.
Компания өкілдерінің айтуынша, Yandex Go тәрізді технологиялық сервистердің жұмысы үлкен есептеу қуатына тәуелді. Қазір компанияның таратылған есептеу инфрақұрылымының жекелеген бөліктерінде ақау тіркелген.
– Өкінішке қарай, қазір кейбір сервистер қателермен жұмыс істеуі немесе уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін. Техникалық мамандар қызметтердің тұрақты жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатыр, – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Әзірге сервистердің қашан толық қалпына келетіні белгісіз.
Бұған дейін Ресейде «Яндекстің» деректер орталықтарына ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасағаны хабарланған. Атап айтқанда, Рязань облысындағы Сасово қаласында және Калугада орналасқан орталықтардың жұмысына зақым келген.
Алайда компания Қазақстандағы бүгінгі ақаудың осы шабуылдармен тікелей байланысты екенін ресми түрде растаған жоқ.
