Сурет: Egemen Qazaqstan
«Бернли» сапында жалға ойнап жүрген қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаевтың жарақатынан кейінгі қалпына келу барысы туралы британдық Standard.co.uk басылымы жаңа мәліметтер жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
18 жастағы футболшы Англия чемпионатында «Мидлсброға» қарсы ойында жамбасынан жарақат алып, алаңнан тыс қалған болатын. Халықаралық үзілістен кейін оның қатарға оралуы күтілуде.
Британдық басылымның хабарлауынша, Сатпаевтың оңалу үдерісін оған құқығы тиесілі «Челси» клубы басқарады. Жас ойыншы Лондон клубының Кобхэмдегі базасында медициналық тексеруден өткен.
«Челси» Сатпаевтың осы маусымда негізгі құрам деңгейінде барынша көп ойын тәжірибесін жинағанын қалайды. Сондықтан клубтың медициналық штабы 18 жастағы футболшымен жұмыс істеп, жарақатынан тезірек айығуына көмектеспек.
Қалпына келген соң Сатпаев жалға алу мерзімі бітпейінше «Бернли» сапында ойнай береді.
«Бернли» Сатпаевтың оңалу процесінде негізгі рөлді «Челсиге» беруге келісті», деп жазды басылым.
Еске салайық, 18 жастағы Дастан Сатпаев маусым соңына дейін «Бернлиге» жалға берілген. Бұған дейін қазақстандық футболшы «Челсидің» негізгі құрамымен маусым алдындағы дайындыққа қатысқан.
