Қоғам

Астанадағы барлық тұрғын үй жылу жүйесіне қосылды

Сурет: istockphoto.com

Астанадағы барлық тұрғын үй жылу жүйесіне қосылды. Мамандар жылу жүйесінің тұрақты жұмысын тәулік бойы бақылап, қажетті реттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Астана-Теплотранзит» компаниясының мәліметінше, жылу энергиясы тұрғын үйдің жауапкершілік шекарасына дейін жеткізіледі. Үйдің ішіндегі инженерлік желілердің жұмысы, жылуды пәтерлерге бөлу және жылыту жүйесін реттеу басқарушы ұйымның жауапкершілігінде.

«Егер үй жылуға қосылғанымен, пәтердегі батареялар әлі де салқын болса, тұрғындарға радиаторлар мен реттеу крандарының ашық тұрғанын тексеру ұсынылады. Мәселе шешілмеген жағдайда мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) немесе пәтер иелері кооперативіне (ПИК) хабарласу қажет. Қажет болған жағдайда үйдің ішкі жылыту жүйесі тексеріліп, реттеледі. Ішкі жүйенің дұрыс жұмыс істеуі жылудың пәтерлерге біркелкі таралуына мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

Айта кетейік, биыл Астанада жылыту маусымы 2 қазанда басталды.

Көп оқылғандар