Сурет: ЖИ көмегімен жасалған
Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған сот 10 жастағы баланы қауіпті жағдайдан қорғап, «Отбасылық үлгідегі облыстық балалар ауылы» КММ-нің талап арызын толық қанағаттандырды. Сот шешімімен баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Анықталғандай, бала туғаннан бастап ішімдікке салынған және қоғамға жат өмір салтын ұстанған анасымен бірге тұрған. Анасы қараусыз қалған баспананы бөгде адамдардың жиналатын орнына айналдырған.
Жоғарғы Соттың деректеріне сәйкес, бала өмірінде бірде-бір рет мектепке бармаған, оқып-жазуды білмеген, ал күнделікті тамағы мен киімін қоқыс үйіндісінен тауып келген.
«Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның бастамасымен бала үш ай мерзімге арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына орналастырылған. Одан кейін, 2026 жылы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы және білім басқармасының бұйрығы негізінде бала отбасылық үлгідегі балалар ауылына қамқорлыққа берілген. Анасы осы уақыт ішінде ұлына бір рет те келмеген, оның тағдырына немқұрайлы қараған. Жауапкер сот отырыстарына шақырылғанына да қарамастан, оларға келмеген», делінген хабарламада.
Сотқа қатысқан психолог баланың ауыр психологиялық жарақат алғанын анықтады. Оның анасына деген эмоционалдық байланысы толығымен жоғалған. Бала анасынан қатты қорқады және оның өзін қайтадан қоқыс үйіндісіне алып кетуінен қауіптенеді. Қазіргі таңда балалар ауылында тұратын бала мұндағы таза төсек пен дәмді тамақтың барына қуанатынын жеткізген.
Сот анасының ата-аналық міндеттерін қасақана әрі ұзақ уақыт бойы орындаудан жалтарғанын, өмір салтын өзгертуге ешқандай ниеті болмағанын жан-жақты дәлелдеді.
Нәтижесінде анасы ата-ана құқығынан айырылып, одан баланы асырауға алимент өндірілді. Алимент қаражаты баланың жеке депозиттік шотына аударылатын болады. Қазіргі уақытта баланың құқықтары мен мүдделері толық қорғалып, сот шешімі заңды күшіне енді.
