Қоғам

Денсаулық сақтау министрі донорлыққа келісімін мәлімдеді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болған соң ағзаларын донорлыққа беруге келісім беретінін ашық айтты. Ол бұл шешімді бұрыннан қабылдағанын, енді өз еркін ресми тіркеуге ниеттенгенін жеткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министр бұл мәлімдемені лауазымына байланысты емес, жеке азамат ретінде жасағанын атап өтті. Себебі мұндай шешім кез келген адамның немесе оның жақынының алдында туындауы мүмкін.

«Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық – өмір сүруге мүмкіндігі бар адамдарға өлімнен кейін де көмектесудің жолы», деді Әлназарова.

Министрдің дерегінше, қазір Қазақстанда 184 мыңға жуық адам eGov арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз еркін тіркеген. Бұл көрсеткіш өсіп келеді.

Қазіргі уақытта елімізде 4 867 адам ағза ауыстыру операциясын күтуде. Оның ішінде 4 311 адамға бүйрек, 314 адамға бауыр, 212 адамға жүрек, 30 адамға өкпе трансплантациясы қажет.

Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту тек денсаулық сақтау жүйесіне тәуелді емес екенін айтты. Оның сөзінше, бұл бағытта қоғам сенімі, ашық диалог және әр адамның саналы шешімі маңызды.

Кеше Астанада бір донор бірден үш пациентке өмір сүруге мүмкіндік берді. Донорлық барысында жүрек, өкпе және бауыр алынды.

Көп оқылғандар