Сурет: Aikyn.kz
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтер бойынша 111 817 қажеттілік әлі күнге дейін орындалмай отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ведомствоның дерегінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде осы бағытта барлығы 574 097 қажеттілік тіркелген. Оның 462 280-і қанағаттандырылған, бұл жалпы көлемнің 80,6 пайызын құрайды.
Әсіресе протездік-ортопедиялық көмек пен санаторийлік-курорттық емдеу саласында көрсеткіш төмен. Мәселен, протездік-ортопедиялық көмекке қатысты 87 726 қажеттіліктің тек 57 928-і ғана өтелген. Ал санаторийлік емдеу бойынша 151 622 қажеттіліктің 103 299-ы орындалған.
Сонымен қатар 16 822 кресло-арбаға қатысты қажеттіліктің 14 337-сі қанағаттандырылған. Ымдау тілі мамандарының қызметі бойынша көрсеткіш 96,6 пайызға, ал жеке көмекшілер қызметі бойынша 97,4 пайызға жеткен.
Министрліктің мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орындалған қажеттіліктер саны 27 785-ке артқан. Жалпы көрсеткіш 80,3 пайыздан 80,6 пайызға өскен.
Айта кетейік, 111 817 деген сан адам санын емес, орындалмаған қажеттіліктер мен қызметтер санын білдіреді. Бір адамға бірнеше қызмет қажет болуы мүмкін.
