Жайық news

Қаратөбеде «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Сурет: Жайық Пресс

Қаратөбе ауданындағы К. Жұмалиев атындағы мектеп-гимназияда «Жас сақшы» сыныбы салтанатты түрде ашылды. Бұл облыста «Жас сақшы» қозғалысы аясында ашылған тоғызыншы сынып болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сыныптың ашылуына полиция департаментінің басшылығы, аудан әкімі және ішкі істер органдарының ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысып, оқушыларды құттықтады. Қонақтар қозғалыстың жас қатысушыларымен кездесіп, оқу мен қоғамдық өмірде табыс тіледі.

– «Жас сақшы» сыныбы – патриотизм мектебі. Оның міндеті – оқушыларды құқық негіздерімен таныстырып қана қоймай, сабақтар мен қоғамдық іс-шаралар арқылы жауапкершілікке, тәртіпке, заңға құрметке тәрбиелеу, – деді ішкі істер органдарының ардагерлер кеңесінің төрағасы Алмаз Елбаев оқушыларға сөйлеген сөзінде.

«Жас сақшы» сыныбына қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органының қызметкері Алпамыс Жексенбаевтың есімі берілді. Бұл – батыл полицейдің рухына тағзым ғана емес, сонымен қатар оқушыларға өз борышына соңына дейін адал болған адам туралы айту мүмкіндігі. Салтанатты шараға қаза тапқан қызметкердің жесірі Баян Жексенбаева да қатысты. Ол полиция өкілдері мен педагогтарға өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелегені үшін алғыс айтты.

– Біздің отбасы үшін Алпамыстың естелігінің сақталып, жас ұрпаққа жеткізілуі маңызды. Балаларға білімге сенімді қадам басып, жауапкершілік танытып, әрқашан лайықты әрекет етулерін тілеймін, – деді Баян Жексенбаева.

Жаңа сыныпта 15 оқушы білім алады. Оқу жылы бойы олар құқықтық сауаттылық негіздерін оқып, қоғамдық және патриоттық іс-шараларға қатысады.

Ашылу салтанаты оқушыларды «Жас сақшы» қатарына қабылдау рәсімімен аяқталды. Жас қатысушылар тәртіпті сақтауға, заңды құрметтеуге және өз мінез-құлқымен құрдастарына үлгі болуға уәде берді.

Көп оқылғандар