Сурет: Жайық Пресс
Ақжайық ауданының табиғатын көп жылдан бері зерттеп жүрген эколог әрі педагогика саласының ардагері Ерлан Құсайынов Астанада өткен республикалық терминологтар байқауында бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Байқауды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті «Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» атты электронды алаңы аясында ұйымдастырды. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдегі терминдердің қолданысын жүйелеу, терминдерді қазақ тіліне аударудың тиімді жолдарын іздестіру, ұлттық сипаттағы терминдердің үлесін арттыру және кәсіби терминологтар қауымдастығын қалыптастыру.
Байқау шарты бойынша қатысушылар бұрын бекітілмеген кірме сөздерге қазақша балама ұсынып, олардың тіл нормаларына сәйкестігі мен мағыналық дәлдігін негіздеуі тиіс болды. Сонымен қатар әр терминге нақты әрі ғылыми негізделген анықтама беру талап етілді.
Ерлан Құсайынов байқауға құстардың атауларына қатысты бес ұсыныс тапсырды. Атап айтқанда, «Птицы-мыши» ұғымына «Обырқұстар», «Страусообразные» үшін «Түйеқұстектестер» деген қазақша атау ұсынды. Жекелеген құс түрлерін былайша атауды ұсынды: «Крапивник» – «Үңгірек, тарғылтай», «Турухтан» – «Күжіркей», «Варакушка» – «Алабұлбұл».
Ұсынылған материалда әр терминнің орысша, ағылшынша және ғылыми атаулары, сондай-ақ тиісті анықтамасы көрсетілген.
Бұл терминологиялық жаңалықтардың табиғатты жақсы білетін маманның ізденісінің арқасында пайда болуы заңдылық. Ерлан Нағымұлы туған өлкесінің флорасы мен фаунасын ұзақ жылдар бойы зерттеп келеді, осы бағытқа арналған бірнеше жинақтың авторы.
Жануарлар, құстар, өзендер, көлдер мен түрлі географиялық нысандардың атауларында халықтың дүниетанымы мен тарихы көрініс табады. Осы білімді жүйелеп, ғылыми айналымға енгізу – бір мезгілде туған тілге де, туған жерге де қызмет ету деген сөз, дейді ғалым.
Ерлан Құсайыновтың кезекті жеңісін көпжылдық еңбектің, туған өлкеге деген терең қызығушылықтың және зерттеушілік ізденістің нәтижесі деп атауға болады.
Алия ШАРАПИЕВА, Ақжайық ауданы
