Сурет: ТСМ
XX жазғы Азия ойындары қарсаңында еліміздің екі ұлттық құрамасы отандық аумақта соңғы дайындық кезеңін өткізіп жатыр. Олармен ведомство басшысы Ербол Мырзабосынов кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында министр спортшылар мен жаттықтырушылармен әңгімелесіп, құрлықтық додада сәтті өнер көрсетулеріне тілектестік білдірді. Жақын уақытта командалар Жапонияға жетіп, Қазақстан делегациясының негізгі құрамына қосылады.
Қазіргі таңда Қазақстан делегациясының шамамен 80%-ы Жапонияда. Биыл ұлттық құраманы даярлау жүйесіне жаңаша көзқарас енгізілген. Соңғы оқу-жаттығу жиындарының басым бөлігі Азия ойындары өтетін елде ұйымдастырылып отыр.
Бұл қадам спортшылардың жарысқа дейін жергілікті жағдайға, уақыт белдеуіне, климатқа және жарыс ортасының ерекшеліктеріне алдын ала бейімделуі үшін жасалды. Сондай-ақ Жапонияда спортшылардың дайындығы тексеріліп, жарыс алдындағы жүктемелерге қажетті түзетулер енгізіледі.
«Азия ойындары – жылдың басты спорттық додаларының бірі және еліміз үшін маңызды жарыс. Команданың негізгі бөлігі қазірдің өзінде Жапонияда және қорытынды дайындық кезеңінен өтіп жатыр. Спортшылардың климатқа, уақыт белдеуіне алдын ала бейімделіп, өз жарыстарына оңтайлы дайындықпен келуі үшін барлық жағдайды жасауға тырыстық. Әрқайсыңыздың арттарыңызда – жылдар бойғы қажырлы еңбек, жаттықтырушылардың еңбегі және миллиондаған қазақстандықтардың қолдауы бар. Сіздерге өз күштеріңізге сенімділік, сәттілік және жоғары нәтижелер тілеймін», деді Ербол Мырзабосынов.
Кездесуде Ойындардың ашылу салтанатындағы шеруде Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар таныстырылды. Олар – дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов және үстел теннисінен ұлттық құрама мүшесі Сарвиноз Миркадирова.
Министр ұлттық құраманы сапалы даярлау үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті. Қорытынды кезеңде спортшылардың физикалық жағдайына, қалпына келуіне және жарыс күндеріне тікелей дайындығына ерекше назар аударылып отыр.
XX жазғы Азия ойындары 2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аити префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Жарысқа Азияның 45 елінен шамамен 15 мың спортшы қатысады деп күтілуде. Сайыс барысында 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Айта кетейік, спорт министрі Азия ойындарында алтын медаль алған спортшыға 50 мың доллар төленетінін мәлімдеген болатын.
