Сурет: Жайық Пресс
Орал қаласының Зачаган ауданында балаларға арналған жаңа Даму және шығармашылық орталығы бой көтереді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Орталықта робототехника, 3D-басып шығару, авиа- және кеме модельдеу үйірмелері, сондай-ақ музыкалық, көркемөнер және басқа да шығармашылық студиялар жұмыс істейтін болады. Нысанды BI Group компаниясы салып жатыр.
Жаңа орталық тәулігіне 600 адамды қабылдауға есептелген. Оның жалпы ауданы 3 100 шаршы метрді құрайды. Екі қабатты ғимарат 2,18 гектар жер учаскесінде орналасады. Құрылысты 2027 жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланып отыр.
Орталықта балалар дәстүрлі шығармашылық бағыттармен қатар заманауи технологияларды да меңгере алады. Ол үшін робототехника және STEM зертханалары, техникалық шығармашылық шеберханалары, 3D-басып шығару кабинеті, авиа- және кеме модельдеу кабинеті, виртуалды шындық және веб-дизайн студиясы жабдықталады.
Сонымен қатар мұнда көркемөнер және музыка студиялары, теле- және фотостудия, дыбыс жазу студиясы, медиаорталық және хореография залы ашылады. Ғимаратта экологиялық орталық, акт залы, ерте даму орталығы, сенсорлық бөлме және IT-кітапханасы бар бірлескен жұмыс кеңістігі де қарастырылған.
Осылайша, балалар музыка мен сурет салудан бастап бағдарламалау, инженерия және өздерінің техникалық жобаларын жасауға дейінгі түрлі бағыттарды сынап көре алады.
BI Group компаниясының «Батыс» дивизионының жетекшісі Руслан Мергалимов атап өткендей, мұндай нысандарды салу кезінде компания ең алдымен олардың тұрғындарға ұзақ мерзімді пайдасына назар аударады.
«Біз үшін жұмыстың нәтижесі қалаға тек бүгін ғана емес, көп жылдар бойы пайда әкелуі маңызды. Жаңа орталық Орал балаларына қабілеттерін дамытуға, заманауи технологияларды меңгеруге және болашақ кәсібі үшін бағыт табуға мүмкіндік береді. Біз мұндай нысандардың сапасы үшін жауапкершілігімізді түсінеміз және қала тұрғындарының бірнеше буынына сұранысқа ие болатын жағдайлар жасауға ұмтыламыз», – деді Руслан Мергалимов.
Жоба бойынша ғимаратта кең оқу сыныптары, мамандандырылған шеберханалар, үлкен терезелер, сондай-ақ қарым-қатынас, бірлескен сабақтар мен демалыс алаңдары қарастырылған.
Жаңа Даму және шығармашылық орталығы Зачаганда қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтеді. Оралдың осы ауданында тұратын балалар үйінің жанында шығармашылықпен айналысуға, заманауи технологияларды меңгеруге және қабілеттерін дамытуға көбірек мүмкіндік алады.
