Сурет: Aikyn.kz
Алматы облысындағы Жіңішке ауылының тұрғындары енді спутниктік интернетті пайдалана алады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұрын бұл ауылда ұялы байланыс мүлде болмаған. Сондықтан жергілікті халық туыстарымен сөйлесу үшін тау басына немесе биік төбелерге көтерілуге мәжбүр болған.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің 9 қазандағы мәліметі бойынша, ауыл OneWeb спутниктік жүйесі арқылы интернетке қосылған. Бұл жұмыс шалғай елді мекендерді байланыспен қамтуға бағытталған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатыр.
Министрлік өкілдері Жіңішке ауылына барып, интернеттің жұмыс сапасын тексерді.
«Бұрын тұрғындар тек үй телефонын пайдаланатын. Ал туыстарымен ұялы телефон арқылы хабарласу үшін таудың басына немесе биік төбелерге көтерілуге тура келетін», – дейді ауыл тұрғыны Дәулетбек Алпысбаев.
Қазір ауыл тұрғындары елді мекеннен шықпай-ақ интернет пайдаланып, мемлекеттік қызметтерді онлайн ала алады.
Ведомство мәліметінше, өткен жылы байланыс мүлдем болмаған ауылдарда OneWeb жүйесі негізінде 329-дан астам қоғамдық Wi-Fi нүктесі ұйымдастырылған. Биыл әкімдіктердің қосымша өтінімдері ескеріліп, жоба қамтитын ауылдар саны 371-ге дейін көбейген.
Министрлік шалғай елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетке қосу жұмыстары жалғасатынын хабарлады.
