Қоғам

Су министрлігі Аризона университетімен ынтымақтастық жол картасын әзірлеуде

Сурет: Коллаж: Egemen.kz

Су ресурстары және ирригация министрлігі Аризона университетімен (ASU) бірлесіп, ынтымақтастықтың жол картасын дайындап жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоспарланған құжат аясында қазақстандық мамандар үшін бірлескен семинарлар, оқу курстары мен тағылымдамалар ұйымдастыру, еліміздің ерекшеліктерін ескере отырып гидрологиялық модельдерді әзірлеу және бейімдеу, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстарын тұрақты басқару саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру қарастырылған.

Биыл Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелламен кездесіп, ықтимал ынтымақтастық бағыттарын талқылағанын еске саламыз.

«Біз кадрлар даярлау және жұмыс істеп жүрген мамандардың біліктілігін арттыру саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым ашықпыз. Мәселен, Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті Венгрияның жетекші жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Ал министрлікке қарасты ұйымдар Қытай, АҚШ және Нидерланд мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейді», деді вице-министр Талғат Момышев.

Аризона университеті қазіргі уақытта Қазақстанда М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында жұмыс істейді. Бұл жоғары оқу орындары бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, бірқатар ғылыми-зерттеу жобаларын іске асырып келеді.

Бұған дейін елімізде су шаруашылығы саласындағы ұзақ жылдар бойы аяқталмаған жобалардың саны соңғы үш жылда екі есеге жуық қысқарғаны туралы жаздық.

Көп оқылғандар