Сурет: Жайық Пресс
Орал қаласындағы Мансап орталығында алтыншы рет бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шара жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді бір алаңға жинады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жәрмеңкеге 29 ұйым қатысып, шамамен 160 бос орын ұсынды. Қатысушылар арасында Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаменті, мектептер, өндіріс кәсіпорындары, қонақүй және басқа да мекемелер болды.
Ұсыныстар жұмыс сипаты мен жалақы деңгейі бойынша айтарлықтай ерекшеленді.
БҚО ТЖД өрт сөндірушілер мен жүргізушілер лауазымдарына үміткерлерді шақырды. Бастапқы кезеңде жалақы шамамен 175 мың теңгені құрайды. Арнайы оқудан өтіп, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тексеруінен сәтті өткен соң жалақы деңгейі шамамен 250 мың теңгеге дейін көтеріліп, қызметкерге кіші сержант атағы беріледі.
Облыстық полиция департаменті де өз вакансияларын ұсынды. Учаскелік инспекторлар, тергеушілер, жедел уәкілетті қызметкерлер және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар қажет болды.
Желаев нан өнімдері комбинаты тиеушілер мен тиегіш жүргізушілеріне 150-160 мың теңге жалақы ұсынды. Орал жылыжай кешені егін жинаушыларды іздеді.
Ізденушілер үшін жәрмеңке хабарландырулармен танысуға ғана емес, тікелей жұмыс берушіге жүгінуге мүмкіндік берді. Жеке әңгіме барысында жұмыс жағдайлары, үміткерлерге қойылатын талаптар және жұмысқа орналасу тәртібі туралы білуге болады.
Сонымен қатар Мансап орталығының мамандары келушілерге белсенді жұмыспен қамту шаралары, кәсіптік оқыту, «Бірінші жұмыс орны» жобасы және өзге де мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес берді.
Жастарға, мүгедектігі бар азаматтарға, алимент бойынша борышкерлерге және пробация қызметінде есепте тұрғандарға ерекше назар аударылды.
– Мұндай іс-шаралар жұмыс берушіге үміткермен тікелей сөйлесуге мүмкіндік береді. Адам қажетті ақпаратты бірден алып, сұрақ қойып, өзіне лайықты вакансияны таңдай алады, – дейді Мансап орталығының маманы Гаухар Райсова.
Бос орындар жәрмеңкесі екі тарап үшін де мүмкіндік: қала тұрғындары үшін – жұмыс тауып, қолжетімді жұмыспен қамту бағдарламалары туралы ақпарат алу мүмкіндігі, жұмыс берушілер үшін – қажетті кадрларды жылдам іріктеу мүмкіндігі.
Дәл осындай тікелей қарым-қатынас форматы еңбек нарығын икемді етіп, ізденушілерге лайықты жұмыс табуға көмектеседі.
