Қоғам

Қонаевта 4 мың сарбаз кітап оқып сынға түсті

Сурет: Бас әскери прокуратура

Қонаев гарнизонында Бас әскери прокуратураның ұйымдастыруымен «ASAU-2026» әскери-патриоттық байқауы өтті. Шара әскери ортада «Заң және тәртіп» қағидатын насихаттап, сарбаздардың құқықтық сауаты мен әскери тәртібін арттыруға бағытталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іріктеу кезеңіне 4 мыңнан астам мерзімді әскери қызметші қатысты. Үздік деп танылған тоғыз сарбаз финалға жолдама алды.

Ақтық кезең алты сынақтан тұрды. Сарбаздар ұлттық спорт түрлерінен бақ сынап, ашық суда қашықтықты еңсерді, дрондар арқылы барлау тапсырмаларын орындап, кедергілер жолағынан өтті. Сонымен қатар сарбаздардың білім деңгейі де сараланды.

Интеллектуалдық кезеңде қатысушылар Қазақстан Конституциясы, «Заң және тәртіп» қағидаты және жазушы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы бойынша сұрақтарға жауап берді.

Байқау қорытындысында 26363 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Бақтұр Мұрат жеңімпаз атанды. Екінші орынға 6654 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Арлан Асхат, үшінші орынға 32363 әскери бөлімінің мерзімді қызмет сарбазы Қазбек Қайнешов ие болды.

Жеңімпаздар мен жекелеген номинацияларда үздік шыққан әскери қызметшілер Бас әскери прокурор атынан естелік сыйлықтармен марапатталды. Бас әскери прокуратура алдағы уақытта да «Заң және тәртіп» қағидатын насихаттау және жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, жыл соңына дейін елімізде 23 мыңға жуық жас мерзімді әскери қызметке шақырылады. Биыл Астанадан 1 400 азамат әскерге қызметке аттанады.

Көп оқылғандар