Сурет: ашық дереккөз
Елімізде 2026 жылдың тоғыз айында теміржол көлігімен 77,8 млн тонна көмір тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ға артық — 2025 жылдың осы уақытында көрсеткіш 76,6 млн тонна еді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Тасымалданған көлемнің 25 млн тоннасы экспортқа кетсе, 51 млн тоннадан астамы ішкі нарыққа бағытталды.
Жаңа жылыту маусымына дайындық аясында 1 мамыр мен 30 қыркүйек аралығында республика бойынша 28,1 млн тонна көмір жөнелтілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңіндегі көлеммен бірдей. Оның 25,8 млн тоннасы жылу электр орталықтарына, 2,3 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге тиесілі. Барлық ЖЭО-да отын қоры нормативтен жоғары немесе нормативтік деңгейде сақталып отыр.
Биылғы маусымда коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке жоспарланған сұраныс 7,3 млн тоннаны құрайды. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 154 мың тоннаға кем. Сұраныстың азаюы елдегі газдандыру деңгейінің өсуімен байланыстырылады.
Тасымалды үздіксіз қамтамасыз ету үшін жалпы паркі 27 мың жартылай вагоннан тұратын «Қазтеміртранс» АҚ-ның 18,5 мың вагоны жұмылдырылды. Жүктеме қарқынды кезеңдерде 3 мың вагонға дейінгі резерв жасақталады. Жылжымалы құрам паркі көмір тасымалдау қажеттілігін толық өтей алады.
Жылыту маусымына арналған көмір тасымалдары штаттық режимде жүргізілуде. Жылжымалы құраммен қамтамасыз ету тұрғысынан шектеулер мен проблемалар тіркелген жоқ.
Бұған дейін көмір бағасының көңіл көншітпейтіні туралы жазылғанын еске саламыз.
