Қаржы

Қазақстанда пияз, қант, алма және картоп бағасы төмендеді

Сурет: Aikyn.kz

Қазақстанда соңғы бір аптада пияз, қант, алма және картоп бағасы төмендеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство мәліметінше, 7 қазандағы жағдай бойынша апта ішінде пияз 4 пайызға, қант 2,6 пайызға, алма 1,8 пайызға, картоп 1 пайызға, сәбіз 0,8 пайызға арзандады. Сонымен қатар балық 0,3 пайызға, қаймақ, ет фаршы және күріш 0,2 пайызға төмендеді.

Ұн, нан, сүйексіз сиыр еті, қой еті және тауық етінің бағасы өзгерген жоқ.

Аймақтар бойынша азық-түлік бағасының төмендеуі Атырауда байқалды: әлеуметтік маңызы бар өнімдердің жалпы бағасы 0,3 пайызға арзандады. Түркістан мен Ақтауда бұл көрсеткіш 0,1 пайызды құрады. Ал Астана, Алматы, Ақтөбе, Жезқазған, Қонаев, Павлодар, Талдықорған және Тараз қалаларында бағалар бұрынғы деңгейде қалды.

Ұлттық статистика бюросы жекелеген өнімдердің орташа бағасын жариялады. Мәселен, Қазақстан бойынша пияздың бір килограмы орта есеппен 133 теңге тұрады. Ең арзан пияз Талдықорғанда – 108 теңге. Қанттың орташа бағасы 435 теңге, ал Ақтөбеде оның килограмы 368 теңгеден сатылды.

Алманың республика бойынша орташа бағасы 699 теңге. Ең төмен баға Шымкентте – 494 теңге. Қиярдың орташа бағасы 536 теңге болды. Түркістанда оның килограмы 346 теңге, Таразда 414 теңге тұрады.

Айта кету керек, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне 31 түрлі өнім енгізілген. Олардың бағасы апта сайын бақыланады.

Көп оқылғандар