Сурет: Ақорда
Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті Витольд Банька Астанаға келіп, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрліктің мәліметінше, кездесуде Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастық, допингке қарсы білім беру жұмыстарын дамыту және спорттағы адалдық қағидаттарын нығайту мәселелері талқыланды.
Витольд Банька осы айдың 22-27 күндері аралығында Астанада өтіп жатқан WADA-ның басқарушы органдарының отырыстарына қатысады.
«Қатысушылар Дүниежүзілік антидопинг кодексін іске асыру, таза спортты қорғау жүйесін дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін қарастырады», делінген хабарламада.
Бұған дейін Азия ойындары кезінде спортшы Аяна Болатбекқызының допинг сынамасынан тыйым салынған зат анықталғанын хабарлаған едік. Ал осыдан бірнеше күн бұрын Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы даниялық боксшы Якоб Банк (20-0, 11 KO) допинг дауына ілігіп, тыйым салынған препараттарды қолдануы мүмкін екені айтылды.
Мазмұнға өту


