Спорт

Исхар Құрбаев Астанадағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан күрес түрлерінен ересектер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде түсті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Грек-рим күресінен -55 кг салмақта ел намысын қорғаған Исхар Құрбаев үздік үштікке енді. Ол қола медаль үшін Үндістан өкілі Лалит Лалитпен белдесіп, жеңіске жетті.

23 жастағы қос палуан биыл жазда Мажарстан астанасындағы рейтингтік турнирде де қола медаль үшін күресіп, сол кезде Құрбаев 18-10 есебімен басым түскен болатын.

Кеше Исхар алғашқы айналымда жапониялық Кагетора Окамотодан, содан кейін 1/8 айналымда өзбекстандық Ихтиёр Ботировтан басым түсті. Ширек финалда Еуропа чемпионы молдовалық Артём Делянумен күш сынасып, айқын басымдықпен жеңді.

Айта кетейік, 23 жастағы Исхар Құрбаев бұған дейін U23 жас санатында Азия чемпионы атанып, U23 әлем чемпионатында күміс жүлде алған. Сондай-ақ U20 әлем чемпионатының жеңімпазы.

Көп оқылғандар