Спорт

Фридайвингтен әлем рекордшысы Жанин Грасмейер 33 жасында қайтыс болды

Сурет: thedailybeast.com

Фридайвингтен бірнеше әлем рекордын орнатқан нидерландтық спортшы Жанин Ирина Грасмейер 33 жасында өмірден өтті. Ол 16 қарашада қайтыс болған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Спортшының отбасы қаралы хабарды Facebook желісінде кейіннен жариялады.

Жанин Грасмейер фридайвингпен Таиландқа сапарынан кейін айналыса бастаған. 2013 жылы 20 жасында тұңғыш әлемдік рекордын тіркеді.

2016 жылы ол рекордын жаңартып, тыныс алу аппаратынсыз 92 метр тереңдікке сүңгіді. Су астында 3 минут 46 секунд болды. Бұл нәтиже екі жыл бойы жаңармады. Кейін италиялық Алессия Цеккини одан бір метр тереңге сүңгіп, жаңа рекорд орнатты.

Грасмейер фридайвингтің өзге бағыттарында да Нидерландтың ұлттық рекордтарын жаңартты. Соның бірі – тынысын 6 минут 31 секундқа дейін ұстап тұру көрсеткіші.

«Ол мейірімді, ашық мінезді, білуге құмар әрі қайсар әйел еді. Ол үшін шешілмейтін міндет жоқ болатын», делінген отбасының мәлімдемесінде.

Спортшы 1993 жылы Нидерландтың Эммен қаласында дүниеге келген. Маастрихтте медицина мамандығы бойынша білім алып, өмірінің соңына дейін осы қалада тұрған.

Көп оқылғандар