Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері алғаш рет «Хоргос» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығының Duty Free сауда алаңында өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
500-ден астам тауар бірлігінен тұратын алғашқы партияны БҚО іскер әйелдер кеңесінің алты мүшесі дайындады. Бұл мүмкіндік Қазақстан Республикасы әйел-кәсіпкерлер ұлттық қауымдастығы ASMAR-дың бастамасымен ашылды.
Ассортиментке азық-түлік, халық қолөнері бұйымдары мен кәдесыйлар кірді: шоколад, табиғи пастила, ағаш бұйымдары, киіз тапочкалар, төбетейлер, сәндік панно және тұмарлар.
Шеберханасында сәндік панно мен тұмар жасайтын кәсіпкер Тогжан Бабиева өнімді халықаралық алаңда ұсыну мүмкіндігі іскер әйелдер кеңесі мен ASMAR қауымдастығына мүше болу арқылы пайда болғанын атап өтті.
– Біз іскер әйелдер кеңесіне, сондай-ақ ASMAR қауымдастығына мүше болғандықтан, Duty Free «Хоргос» арқылы халықаралық нарыққа алғаш рет шығу мүмкіндігіне ие болдық. Тұрақты ынтымақтастыққа сенім артамыз, бұл өткізу арнасы сенімді әрі ұзақмерзімді болсын деп күтеміз. Әрине, өніміміз сұранысқа ие болып, экспорттық әлеуетін растайды деп үміттенеміз, – деді кәсіпкер.
Тағы бір қатысушы Нурслу Ахметова ұлттық стильдегі ағаш ыдыстарды ұсынды. Кәсіпкер Кундыз Имангалиева алғашқы жөнелтілімге 20-дан астам әйелдер бас киімін – төбетей дайындады.
– Біз жинаған өнімнің барлығы ұлттық стиль мен дәстүрді көрсетеді. Жеке өзім 20-дан астам әйелдер бас киімін – төбетей жасадым. Бұл мен үшін үлкен қадам. Бизнесті кеңейтуді жоспарлап отырмын, – деді ол.
Алғашқы жөнелтілімге екі айға жуық дайындық жұмысы жүргізілді: тауарларды халықаралық сауда талаптарына сәйкестендіру, сертификаттау, таңбалау мен қаптама, штрих-кодтар алу және ілеспе құжаттар пакетін жинау.
Жобаны ұйымдастыруда Қазақстанның өңірлеріндегі әйел-кәсіпкерлерге өнімдерін халықаралық сауда алаңында ұсыну мүмкіндігін берген ASMAR ұлттық қауымдастығы маңызды рөл атқарды. Батыс Қазақстан облысы тауар партиясын қалыптастырып, жөнелтуге дайындаған алғашқы өңірлердің бірі болды.
– Қазақстанда әйел кәсіпкерлігін дамыту аясында ASMAR әйел-кәсіпкерлер ұлттық қауымдастығы алғаш рет осындай ауқымды бастаманы – өңірлік өндірушілердің халықаралық нарыққа шығуын ұйымдастырып отыр. БҚО іскер әйелдер кеңесі де бұл жұмысқа қосылды. Әйел-кәсіпкерлердің күш біріктіруінің арқасында осындай мүмкіндіктер туындайды. Бұл өніміміздің сапасын ғана емес, бәсекеге қабілеттілігін де растайды, – деді БҚО іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ляна Турсынова.
Бастаманың ерекшелігі – кәсіпкер әйелдер ортақ мақсатқа жету үшін өз мүмкіндіктерін біріктірді. Шағын кәсіпорындар үшін жаңа сауда алаңына шығу өткізу нарықтарын кеңейтуге, серіктестер табуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жергілікті брендтердің танымалдығын арттыруға жол ашады.
Мазмұнға өту
