Сурет: Egemen Qazaqstan
2027 жылы елімізде 1 мыңнан астам 4G және 628 5G базалық стансасын салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жұмыстар мобильді байланыс желісінің қамту аясын кеңейтуге, интернет сапасын жақсартуға және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Бұл туралы Үкімет отырысында Kcell компаниясының басқарма төрағасы Асқар Жамбакин мәлімдеді.
Соңғы екі жылда оператор 1,3 мыңнан астам 5G және 2,7 мыңнан астам 4G базалық стансасын салған. Биыл байланыспен қамту міндеттемелері аясында 611 ауылдық елді мекеннің 566-сы 4G желісіне қосылды. Қалған 45 ауылды жыл соңына дейін қосу жоспарда бар.
«2027 жылы тағы 1 060 4G мен 628 5G стансасын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатқа 45 млрд теңге инвестиция бағытталады», деді Асқар Жамбакин.
Сонымен қатар Астана – Көкшетау және Астана – Қарағанды бағыттары байланыспен толық қамтылды. Астана – Павлодар және Шымкент – Түркістан бағыттарындағы жұмыстарды аяқтау үшін 1 қаңтарға дейін тағы үш базалық стансаны іске қосу жоспарланып отыр.
Қазақстан 2027 жылдың соңына қарай 3G мобильді байланыс желісін пайдалануды толық тоқтатуды жоспарлап отыр. Оның орнына 4G және 5G желілерінің қамту аумағы кеңейтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Айта кетейік, Air Astana ұшақтарында спутниктік интернет іске қосылды.
Мазмұнға өту
