Сурет: Qarmet
Qarmet компаниясының «Тентек» шахтасы соңғы он жылда алғаш рет миллион тонна көмір өндіріп, маңызды өндірістік межеге жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл нәтиже Республика күні қарсаңында тіркелді. 2026 жылдың соңына қарай шахта көмір өндіру көлемін 1,2 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіпорын ұзақ тоқыраудан кейін өндірістік әлеуетін қалпына келтіріп, жабдықтарын жаңғыртып келеді.
«Шахта соңғы рет миллион тонна көмірді он жыл бұрын өндірген еді. Бүгінде біз бұрынғы көрсеткіштерді қалпына келтіріп қана қоймай, кәсіпорынды одан әрі дамытуға негіз қалап жатырмыз. Биыл ауа беретін екі жаңа негізгі оқпанды пайдалануға беріп, көмірді құрғақ байытуға арналған жерүсті кешенінің құрылысын бастаймыз», деді «Тентек» шахтасының директоры Владимир Шнель.
Жаңа оқпандар жерасты қазбаларына қосымша таза ауа жеткізіп, тау-кен жұмыстарының ауқымын кеңейтуге және жаңа учаскелерді игеруге мүмкіндік береді. Биыл шахтаға үш жаңа үңгу комбайн мен конвейер жеткізілді.
Сондай-ақ шахта мамандары қытайлық әріптестерімен бірлесіп бағытталған бұрғылау технологиясын меңгеруде. Бұл технология ұңғымаларды белгіленген траектория бойынша бұрғылауға, жаңа лаваларды дайындау мерзімін қысқартуға және өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Qarmet үшін Д-6 көмір қабатының қорын игеру маңызды — бұл қабаттан өндірілетін кокстелетін көмір комбинаттың металлургиялық өндірісіне қажетті шикізат саналады.
«Біздің бригада мықты, еңбекқор жігіттерден құралған. Жігіттермен бір жылдан бері емес, көптен бері бірге жұмыс істеп келемін. Көбін басқа шахталарда еңбек еткен кезден білемін. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз, әркім өз міндетін біледі. Нәтижеге қол жеткізуіміздің сыры да осында», деді бригада жетекшісі Александр Измер.
Миллион тонна межесіне жету құрметіне шахта аумағында ағаш отырғызу шарасы өтті. Бұл бастама кәсіпорын тарихындағы жаңа кезеңнің символына айналды.
Мазмұнға өту
