Басты тақырып

Тоқаев YTO Express және Pinduoduo өкілдерімен кездесті

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев YTO Express атқарушы директоры Чжоу Цзянь мен Pinduoduo компаниясының халықаралық бизнес жөніндегі жетекшісі Вэн Пэйчэнді қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында логистика және электронды коммерция салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Президенттің айтуынша, Қазақстан 2030 жылға қарай жалпы сауда көлеміндегі электронды коммерция үлесін 20 пайызға жеткізуді көздейді. Ол қытайлық серіктестермен бірлескен жұмыстың арқасында бұл межеге мерзімінен бұрын қол жеткізуге болатынын атап өтті.

Кездесуде Almaty SkyHub көлік-логистика хабын құру жобасына ерекше мән берілді. Жоба Еуропалық одақ, ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне бағытталатын тауарларды жедел рәсімдеуге мүмкіндік беріп, Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі көлік-логистика саласының дамуына серпін бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев логистика үдерістерін автоматтандыруға бағытталған Qazpost-YTO бірлескен кәсіпорнының жұмысын жоғары бағалады. Бүгінде «Қазпошта» мен YTO Express құрған кәсіпорын 12,5 млн сәлемдеме жөнелткен.

Кездесу барысында Чжоу Цзянь Қазақстандағы ірі жобаларды жүзеге асыруға көрсетілген қолдау үшін Президентке алғыс білдіріп, компанияның жеткізу тізбегін дамыту және логистиканы цифрландыру тәжірибесімен бөлісті. Ал Вэн Пэйчэн биыл қазан айында Қазақстанда Pinduoduo компаниясымен бірлескен жобаның іске қосылатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бүгін Алматыда Мемлекет басшысының қатысуымен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың мәңгі және жан-жақты стратегиялық серіктестігінің тарихи негізі берік әрі тату көршілік пен өзара сенім рухында тың қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды. Президент сондай-ақ қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынды.

Көп оқылғандар