Сурет: magnific.com
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте инфляция динамикасы мен бағаны тұрақтандыру шаралары талқыланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, азық-түлік инфляциясы екінші ай қатарынан төмендеп, бағаның 0,1% деңгейіндегі дефляциялық үрдісі сақталуда. Баға өсімінің баяулауына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары айтарлықтай әсер етті. Жыл басынан бері бұл тауарлардың бағасы 1,8%-ға өсті, ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде өсім 8,3% болған. Яғни биыл баға өсімі 4,6 есе төмен.
Өткен аптада қант 2,4%-ға, пияз 1,7%-ға, алма мен сәбіз 0,9%-ға, күріш 0,5%-ға, қой еті 0,4%-ға арзандады. Нан, макарон өнімдері, сары май, тұз және шай бағасы өзгерген жоқ.
Күннің суытуына байланысты қияр 4,6%-ға, қырыққабат пен қызанақ 3,7%-ға, картоп 2,4%-ға қымбаттады. Алдағы қыс және көктем айларында жылыжайда өсірілетін көкөністердің бағасын тұрақтандыру мақсатында өндірушілермен тиісті меморандумға қол қойылады.
Бағаны тұрақтандырудың тиімді жолдарының бірі – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Мұнда өндірушілер өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей ұсынады. Сонымен қатар 17-27 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде «Bereke Fest» және «Republic Day» акциялары өтіп жатыр, оларға 649 сауда нысаны қатысуда. Акциялар аясында сатып алушыларға күнделікті тұтынатын тауарлар мен сұранысқа ие азық-түлік өнімдері 50%-ға дейінгі жеңілдікпен ұсынылады.
Кеңес барысында Серік Жұманғарин азық-түлік инфляциясы өскен облыстардың әкімдіктерін тыңдады. Сондай-ақ барлық өңірге ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын арттырып, халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен жеткілікті көлемде қамтамасыз етуді тапсырды.
Еске салайық, Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау шаралары күшейтілді. 20-ға жуық кәсіпкер шекті рұқсат етілген сауда үстемеақысын асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бюджетке жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген.
Мазмұнға өту
