Сурет: Polisia.kz
Астанада полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкері Еламан Тішпаев биіктіктен құлау қаупі төнген қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz мәліметінше, полицей түскі мезгілде үйіне келіп, жаттығуға шығуға дайындалып жатқанда, аулада адамдардың жиналғанын байқайды. Куәгерлер оған ғимараттың жоғарғы қабаттарының біріндегі балконда қыздың отырғанын айтады.
Сол сәтте полицей бірден кіреберіске кіріп, 12-қабатқа көтеріледі. Балкон шетінде отырған қызды көріп, абайлап, аяғының ұшымен жақындайды. Қолайлы сәтті пайдаланып, қызды ұстап алып, қауіпсіз жерге шығарады. Содан кейін ЖҚАЖ қызметкері жедел қызметтер келгенше қыздың жанында болып, оны медицина қызметкерлеріне тапсырады.
«Полиция қызметкері дер кезінде әрі батыл қимылының арқасында қайғылы жағдайдың алдын алды. Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің азаматтарға көмек көрсетуге кез келген уақытта дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті. Тәртіп сақшылары қызметтік міндеттерін атқару кезінде де, күнделікті өмірде де адамдардың қауіпсіздігіне бейжай қарамайды», делінген хабарламада.
Бұған дейін Петропавл қаласында учаскелік инспектор, полиция аға лейтенанты Нұрбек Қайыров полиция басқармасына келе жатып, К.Сүтішев пен М.Жұмабаев көшелерінің қиылысында көліктің рөлінде отырған қызды ажалдан аман алып қалғанын хабарлаған едік.
