Сурет: totalarch.com
Алматы БҰҰ-ның UN E-Government Survey 2026 зерттеуі бойынша цифрлық қызметті дамыту деңгейімен әлемнің 194 қаласы арасында 12-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
2024 жылмен салыстырғанда қала рейтингте 15 сатыға жоғарылаған. Алматы әкімдігінің мәліметінше, соңғы екі жылда қала 27-орыннан 12-орынға көтерілді. Жергілікті онлайн қызметтер индексі (LOSI) 0,8021-ден 0,9604 балға дейін өсті. Осы көрсеткіш бойынша Алматы Копенгаген, Лондон, Токио, Шанхай және басқа да қалалармен қатар 12-орынды иеленді.
«БҰҰ зерттеуінде қала тұрғындарына ұсынылатын электрондық қызметтің қолжетімділігі мен қолайлылығы бағаланады. Сарапшылар ресми интернет-порталдардың жұмысын, қызметтерді онлайн алу мүмкіндігін, қалалық ақпаратқа қолжетімділікті, кері байланыс тетіктерін және тұрғындардың қаланы басқаруға қатысу деңгейін талдайды. Бағалау 6 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі», делінген хабарламада.
Цифрлық инфрақұрылымның дамуы қала ортасының қолайлылығын арттырып, туристер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Электрондық қызмет пен цифрлық құралдарға қол жеткізу қала қонақтарына бағыт-бағдар табуға, сапарын жоспарлауға және инфрақұрылымды тиімді пайдалануға көмектеседі.
Бұған дейін Алматының инновацияны енгізу және қалалық ортаны дамыту бағытындағы жетістіктері халықаралық деңгейде мойындалған. 2025 жылы қазанда Брюссельде өткен Global Tourism Forum аясында қала туризмдегі инновация мен қалалық ортаны жаңғыртуға қосқан үлесі үшін Special Recognition for Tourism Innovation and Urban Transformation арнайы марапатына ие болды.
Еске салайық, қазан айында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыру барысы қаралды. Сондай-ақ Алматыда коммуналдық ақылы автотұрақтарды жеңілдікпен пайдаланатын азаматтар үшін рәсімдеу тәртібі өзгеретіні, қызмет алу уақытын қысқарту мақсатында бұл үдерісті цифрлық сервистер арқылы жетілдіру жоспарланып отырғаны белгілі.
Мазмұнға өту


