Сурет: instagram/mikhail_shaidorov
Мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың бұрынғы бапкері Алексей Урманов бірлескен жұмыстың тоқтатылуына кімнің бастамашы болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Урмановтың сөзінше, келісімшартты бұзу туралы шешімді спортшының өзі қабылдаған. Бұл туралы бапкер спорт журналисі Михаил Васильевке берген сұхбатында мәлімдеді.
Еске салайық, Олимпиададағы сенсациялық жеңісінен кейін Шайдоров үш ресми жарысқа қатысқан: Ондрей Непела мемориалында үшінші, Франциядағы Гран-при кезеңінде оныншы, Қытайдағы Cup of China турнирінде бесінші орын алған.
Бұған дейін Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Олимпиада чемпионы мен ресейлік бапкердің ынтымақтастығы тоқтағанын хабарлаған. Министрдің айтуынша, Шайдоров жаңа спорттық кезеңді басқа командамен бастаған, ал спортшыға алдағы дайындығына бапкерлерді өзі таңдауға мүмкіндік берілген.
Кейін мәнерлеп сырғанаушы Instagram парақшасында Урмановпен жұмысын аяқтағанын растады. Ол бапкеріне қолдауы мен сенімі үшін алғыс айтып, бірге өткен кезеңді үлкен жетістіктермен аяқтағанын жеткізді.
Ал Урманов келісімшартты тоқтатуға өзі бастамашы болмағанын айтады. Оның сөзінше, Франциядағы Гран-при кезеңінен кейін Михаилмен сөйлесіп, алдағы жоспарларды талқылауға дайын екенін білдірген.
«Мен бұл үшін ештеңе істеген жоқпын. Сондықтан өзімді ақтауға тырысуым қисынсыз болар еді. Ештеңе істемеген адам не үшін ақталуы керек? Ал шындықтың бәрі Михаилдің өз ойында ғана. Менің шындығым – Франциядағы турнирді сәтсіз аяқтадық. Сол кезде оны құшақтап: «Мишка, кез келген уақытта сөйлесуге дайынмын. Белгі берсең болды, отырып сөйлесеміз, әрі қарай не істейтінімізді ойластырып, қорытынды шығарамыз», дедім. Бірақ ол кездесуге келмеді. Қоңырау шалып, қарым-қатынасымызды тоқтататын шығармыз деді», деп еске алды Урманов.
Бапкердің айтуынша, Шайдоров телефон арқылы хабарласып, осы уақытқа дейінгі еңбегі үшін алғыс айтқан. Осылайша олардың он жылға жуық жалғасқан әріптестігі аяқталған.
Естеріңізге салайық, Михаил Шайдоров Олимпиада алтынын жеңіп алғаннан кейін жаттығу мен жарысқа қайта оралу оңай болмай жүргенін айтқан еді.
Мазмұнға өту


