Қаржы

Қазақстанда күнбағыстан рекордтық өнім күтілуде, фермерлер импортқа тыйым салуды сұрайды

Сурет: Depositphotos.com

Биыл дәнді дақылдардың өнімі аз әрі бағасы төмен болуы мүмкін. Ал аграршылар қазір қарқынды жиналып жатқан күнбағысқа зор үміт артып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Eldala.kz мәліметінше, Ресейден Қазақстан нарығына арзан шикізат келе бастаса, күнбағыстың жоғары бағасын ұстап қалу қиындай түсуі ықтимал. Отандық фермерлер осы дақылды елге әкелуге тыйым салуды ұсынып отыр, ал сарапшылар Үкіметке екі түрлі шара қабылдауды ұсынады.

Aitas Agro компаниясының бас директоры Талғат Алдажаровтың айтуынша, күнбағысқа қатысты ахуал алаңдатарлық. Болжам бойынша, Ресейде осы дақылдан рекордтық өнім – шамамен 21 млн тонна жиналады деп күтілуде. Әрине, оны экспорттау кезінде астыққа қатысты туындаған мәселелер қайталануы мүмкін. Оның үлкен көлемі Қазақстанға және Орталық Азияның басқа елдеріне бағытталуы ықтимал.

«Мұндай жағдайда ішкі нарығымызға қысым түсетіні анық. Мұны бағаның өзгеруінен қазірдің өзінде байқап отырмыз. Бүгінде күнбағыстың бір тоннасын 200 мың теңгеден жоғары бағаға сатып алатындар іс жүзінде жоқ. Иә, Қытаймен шекара маңында тоннасына 230-240 мың теңге ұсынады. Бірақ ол жер алыс, өнімді сонда жеткізу үшін көлік шығындары да жоғары болады. Ал қазір біздің май зауыттары бір тонна күнбағысқа 180-190 мың теңге ұсынып отыр», деді Талғат Алдажаров.

Фермерлер қалыптасқан жағдайда Үкімет үшін дұрыс шешімнің бірі – қазіргі уақытта бір тоннасына 100 еуро көлемінде белгіленген күнбағыстың экспорттық баж салығын алып тастау немесе барынша төмендету деп санайды. Нарықты қолдаудың тағы бір ықтимал шарасы – Ресейден Қазақстанға күнбағыс әкелуге уақытша тыйым салу.

Алдын ала бағалаулар бойынша, Қазақстанда да күнбағыс өнімі рекордтық деңгейге жетіп, шамамен 2,5 млн тоннаны құрауы мүмкін.

Бұған дейін күнбағыс майын өндіретін зауыттың дайын өнімдер қоймасы алапат өртке оранғаны туралы хабарлаған едік.

Көп оқылғандар