Басты тақырып

Астанада үш бала қаза тапқан өрттің себебі анықталды

Сурет: ТЖМ

Астанадағы «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде үш баланың өмірін қиған өрт балалардың отпен ойнауынан туындаған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Руслан Қайрақбаев мәлімдеді. Оның сөзінше, өрт ошағы пәтердің ішінде болған. Қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығына байланысты тоқтатылды.

«Өрттің себебі – балалардың отпен ойнауы. Өрт іштен шыққан», деді Руслан Қайрақбаев.

Айта кетейік, қайғылы оқиға биыл 12 сәуірге қараған түні Астанадағы Түркістан көшесіндегі 21 қабатты тұрғын үйде болған. Үш бала өртте қаза тапты. Құтқарушылар олардың анасын аман алып қалып, күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізген.

Өрт кезінде жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланды. Тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өздігінен шыққан. Балалардың қаза болуына байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған. Кейін өрт сөндіру көліктерінің жолын бөгеген екі жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көп оқылғандар