Басты тақырып

Тоқаев ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды

Сурет: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінде Достастықтың халықаралық беделін нығайтып, жаңа геосаяси жағдайға бейімдеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент ықпалдастықтың негізгі бағыттарына тоқталып, ТМД-ның ұзақмерзімді басымдықтарын айқындау керектігін мәлімдеді.

«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын дамыту тұжырымдамасы 2007 жылы бекітіліп, алты жыл бұрын жаңартылған еді. Одан кейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттар көбіне белгілі бір салаға қатысты болды. Сондықтан көбіне бір-бірімен сәйкеспейді. Олардың бәрін біріктіріп, өзара байланысты біртұтас жүйе түзген жөн. Келешекте Достастықтың қандай болғанын қалаймыз? Еуразиядағы геосаяси архитектура жылдам өзгеріп жатқан кезеңде оның орны қандай болмақ? ТМД-ға мүше мемлекеттер осы сауалдардың нақты жауабын табуымыз қажет. Сондықтан Атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынамын. Бұл – ортамерзімді перспектива. Ең алдымен, мемлекеттеріміз үшін аса маңызды басымдықтарға мән берген жөн. Олар: экономика, энергетика, инфрақұрылым, озық технологиялар және адам капиталы. Мұндай тәсіл орнықты прогреске жету жолындағы іс-әрекетіміздің үйлесімді әрі бірізді болуына септігін тигізеді», деді Президент.

Мемлекет басшысы экономикалық ықпалдастықты тереңдету мен индустриялық-технологиялық серіктестікті жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

Ол Қазақстан ТМД нарығына басымдық беретінін, сыртқы сауда айналымының ширегінен астамы Ұйымға мүше елдерге тиесілі екенін жеткізді.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдерімен сауда айналымы 40 миллиард долларға жуықтады, ал биылғы жеті айда 10 пайызға өсті. Бірлескен өндірістерді ашу ісінде де үлкен тәжірибе қалыптасты. Мысалы, Ресей Федерациясының қатысуымен іске асырылып жатқан қазақстандық өнеркәсіп жобалары портфелінде жалпы құны 61 миллиард доллар болатын 178 жоба мен бастама бар, оның 124-і жүзеге асырылды. Өзбекстанмен арада құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасының бірлескен өндірісі жолға қойылды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысып, қатысушыларға ілтипат білдіріп, саммитті ойдағыдай ұйымдастырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтқаны туралы жазған болатынбыз.

Көп оқылғандар