Сурет: istockphoto.com
Қырғызстан азаматы Қазақстан аумағы арқылы Қытайға құны 182,3 млн теңге болатын алтын құймаларын заңсыз шығармақ болған. Әйел бағалы металды аяқ киімінің ұлтарағының астына тығып әкетпек болған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бас көлік прокуратурасының дерегінше, құймалардың жалпы салмағы 2,8 келі, алтынның тазалығы 99 пайыздан жоғары. Әйел оларды Қырғызстаннан сатып алып, «Қордай» автокөлік өткізу бекеті арқылы Қазақстанға кіргізген. Алайда шекара қызметкерлері «Қорғас» пунктінде тексеру барысында заңбұзушылықты анықтаған.
«Сот Бас көлік прокуратурасының өтінішхаты бойынша алтын құймаларды сотқа дейін тәркілеу туралы шешім шығарды. Қаулы заңды күшіне еніп, құймалар мемлекет кірісіне берілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр», делінген хабарламада.
Бұған дейін Жамбыл облысында екі күн ішінде 88 шетел азаматы елден шығарылғаны хабарланған болатын.
