Спорт

Азия пара ойындарына 150 спортшы аттанады

Сурет: Egemen Qazaqstan

18-24 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында V Азия пара ойындары өтеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Додаға 45 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысып, спорттың 18 түрінен 502 медальды сарапқа салады.

Еліміздің ұлттық құрамасы сапындағы 150 ойыншы спорттың 12 түрі бойынша өнер көрсетеді, 1 командалық, 11 жекелей спорт түрінен ел намысын қорғайды. Атап айтқанда, волейболды отырып ойнаудан – 12, пара таеквондодан – 8, пара дзюдодан – 26, пара үстел теннисінен – 12, пара оқ атудан – 12, пара жеңіл атлетикадан – 14, пара садақ атудан – 9, пара жүзуден – 21, арбадағы теннистен – 3, пара пауэрлифтингтен – 15, боччадан – 5, пара велоспорттан 13 спортшы қатысады.

Биылғы ойындарда ел құрамасы арбадағы теннистен алғаш рет бақ сынайды. Сонымен қатар пара жеңіл атлетикадан зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар да тұңғыш рет қатысқалы отыр.

«Ойындар алдындағы дайындық кезінде спортшыларымыз 23 оқу-жаттығу жиынына қатысып, 22 халықаралық турнирде 63 медаль жеңіп алды. Бұл жарыста да спортшыларымыз өз шеберліктерін барынша танытып, лайықты нәтижеге қол жеткізеді деп сенеміз», деп мәлімдеді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының спорт жөніндегі басқармасының басшысы Қайратбек Сейітбеков.

V Азия пара ойындарының алғашқы жарыстары 16 қазанда пара үстел теннисінен басталады. Ресми ашылу салтанаты 18 қазанда Нагоя қаласының Мидзухо жеңіл атлетика стадионында өтеді.

Жалпы, еліміз Азия пара ойындарында 2010 жылдан бері қатысып келеді. Содан бергі жарыстар барысында 105 медаль – 20 алтын, 35 күміс, 50 қола медаль жеңіп алды.

2010 жылы 63 спортшы жарыстың 6 түрінен бақ сынап, 2 күміс, 5 қола жүлде иеленді. Ал 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында 78 спортшы 9 сайыс түрінен жарысып, 24 медальға (7 алтын, 6 күміс, 11 қола) ие болса, 2018 жылы Индонезия астанасы Джакартада өткен III Азия пара ойындарында 90 спортшымыз 9 спорт түрінен бақ сынап, 33 медаль (5 алтын, 15 күміс, 13 қола) жеңіп алды.

2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен соңғы Азия пара ойындарында ел намысын қорғаған 131 спортшы рекордтық 41 медальды (8 алтын, 12 күміс, 21 қола) еншіледі.

Көп оқылғандар