Жайық news

Оралда мектеп психологтарына арналған облыстық семинар-тренинг өтті

Сурет: Жайық Пресс

Орал қаласында мектеп психологтары мен психологиялық орталықтардың мамандарына арналған облыстық семинар-тренинг ұйымдастырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға Астанадан келген кәсіби сарапшылар мен психиатр дәрігерлер қатысып, балалар мен жасөспірімдер арасындағы деструктивті мінез-құлық пен суицидтік тәуекелдердің алдын алу тақырыбында дәрістер оқыды.

Семинар жұмысына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Ол бейінді мамандармен құқық бұзушылықтың алдын алу және балаларға психологиялық қолдау көрсету мәселелерін талқылады.

– Біз балалар мен жасөспірімдерді тек білімді ғана емес, сонымен қатар жауапты, лайықты азаматтар етіп тәрбиелеуіміз керек. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – маңызды міндеттердің бірі. Жақында өңірде балалардың құқықтарын қорғаумен айналысатын жаңа басқарма құрылды. Бұл мемлекеттік органның жауапкершілігі жоғары. Алайда бала тәрбиесіне тек басқарма мен мектеп жауапты деп ойлауға болмайды. Педагогтар мен ата-аналар арасында тығыз байланыс орнату қажет, – деді облыс әкімі.

Ол сондай-ақ балаларды тәрбиелеу мен қауіпсіздігіне жауапты барлық тарапқа профилактикалық жұмысты күшейтіп, келісілген және жүйелі әрекет етуді тапсырды.

Семинар барысында педагог-психологтарға деструктивті мінез-құлық танытатын жасөспірімдермен жұмыс істеудің заманауи әдістері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Мамандар әртүрлі жағдайлардағы әрекет алгоритмдерін, балалармен диалог орнату және оларды әңгімеге тарту тәсілдерін, сондай-ақ проблемалық мінез-құлықтың себептерін анықтап, жою механизмдерін қарастырды.

Көп оқылғандар